Accessibility links

Иран мен Израиль қақтығысы ушығып тұр. Жүздеген адам қаза тапты. Жағдайдың анық-қанығы


Иранның шабуылынан өртке оранған көлік пен қираған үй. Тель-Авив, Израиль. 15 маусым, 2025 жыл.
Иранның шабуылынан өртке оранған көлік пен қираған үй. Тель-Авив, Израиль. 15 маусым, 2025 жыл.

Израиль мен Иран бір-бірінің аумағын жаппай зымыранмен атқылап жатқанына төрт күннен асты. 13-15 маусым аралығында екі тарап қандай шығынға ұшырады? Қандай нысандар қирады? Қанша бейбіт тұрғын опат болды? Иранның қанша шенеунігі қаза тапты? Таяу Шығыстағы қақтығыстың негізгі ақпараттарын ұсынамыз.

ИЗРАИЛЬДІҢ СОҚҚЫЛАРЫ

Үш күн қақтығыс кезінде Израиль Иранның Керманшахтағы зымыран базасына, Бид-Канехтегі әскери нысанына, Исфахандағы уран өндіру орнына шабуыл жасаған. Бұған қоса, Оңтүстік Парс газ орны, Тегерандағы Шахран мұнай сақтау орны, Иран қорғаныс министрлігінің штаб-пәтері, Иран қорғаныс инновациясы мен зерттеу ұйымының ғимараты да шабуылға ұшырады.

Халықаралық агенттіктер мен Ирандағы басылымдар азаматтық нысандарға да шабуыл жасалғанын жазып жатыр. Германияның dpa агенттігінің Ирандағы журналисі Тегеранда жұрт жаппай қаладан кетіп жатқанын, жанармай құю станцияларында кезек көбейгенін жазды.

16 мамырда Иран мемлекеттік телеарнасының ғимаратына да соққы жасалды.

Тегеран маңындағы мұнай сақтау орны өртенген сәт. 15 маусым 2025 жыл.
Тегеран маңындағы мұнай сақтау орны өртенген сәт. 15 маусым 2025 жыл.

Иран денсаулық сақтау министрлігі 15 маусымдағы мәлімдемесінде Израильдің үш күндегі шабуылынан 224 адам қаза тапқанын, 1277 адам жараланғанын айтты. Министрлік құрбандардың 90 пайызы бейбіт тұрғын дейді. Кейбір бақылау топтары Иранда қаза болғандар бұдан да көп болуы мүмкін деп отыр. Израильдың қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) үш күнде Иранда 170-тен аса нысана атқыланғанын айтады.

ИРАННЫҢ ҚАРЫМТАСЫ

Иран да 14-16 маусымда Израиль аумағына жаппай ракеталармен шабуылдады. Израиль тарабының мәліметінше, үш күн ішінде кемі 23 бейбіт тұрғын қаза тауып, 200 адам жараланған. Тель-Авив, Бат-Ям, Хайфа, Тамра қалалары қатты зардап шеккен. Реховот қаласындағы Вейцман атындағы зерттеу институтының ғимараты, Хайфадағы Bazan компаниясының мұнай өңдеу зауыты ішінара бүлінгені айтылды.

Иранның шабуылынан Тель-Авивте қираған көпқабатты үй. 16 маусым, 2025 жыл.
Иранның шабуылынан Тель-Авивте қираған көпқабатты үй. 16 маусым, 2025 жыл.

Иранның ислам революциясы сақшылары корпусы "Израильдің әскери ұшақтарына жанармай өндіретін нысан мен Израильді энергиямен қамтамасыз ететін орталықтарға соққы жасалды" деді. Бірақ ЦАХАЛ бұл мәлімдемені растамады.

ИРАННЫҢ ҚАЗА ТАПҚАН 8 ГЕНЕРАЛЫ КІМ?

Израильдің шабуылынан Иранның кемі 8 генералы қаза тапқаны айтылды. Олардың арасында Иранның ислам революциясы сақшылары корпусының 2019 жылдан бергі қолбасшысы генерал-майор Хоссейн Салами да бар. Оған АҚШ, Канада, Швейцария, Австралия және Жапония "Иранда баллистикалық ракета жасады" деп санкция салған. Ал Ислам революциясы сақшылары корпусы АҚШ-та "террорлық ұйым" деп танылған.

Хоссейн Салами
Хоссейн Салами

Иран қарулы күштерінің басшысы Мохаммад Бакери. Иран әскерінде аятолла Әли Хаменеиден кейінгі беделді екінші адам. Ирандағы әскери операцияларды, барлау операцияларын, құпия жоспарларды бақылаған.

Генерал-майор Голам Әли Рашид. Иран қарулы күштері бас қолбасшысының орынбасары. 2015 жылдан бері жедел әскери әрекеттерге жауапты штабтың командирі болған.

Бригада генералы Әмір Әли Хаджизаде. 2009 жылдан бері Сақшылар корпусының аэроғарыш күштері қолбасшысы. Иранның ракета және дрон бағдарламасының басында тұрған адам. 2020 жылы қаңтарда Иран әскері Украина әуе компаниясының жолаушы ұшағын атып түсіргенде Хаджизаде эфирге шығып, "апатқа адам факторы себеп болды" де мәлімдеген еді.

Бұған қоса, Ислам революциясы сақшылары корпусының белді қызметкері Мехди Рабани, бас штабтың барлау бойынша директорының орынбасары Голамреза Мехраби, ракеталарға қарсы құрылғы дивизиясының командирі Дәуіт Шейхиян, Иран ислам революциясы сақшылары корпусының басшысы Хоссейн Саламидің серіктесі – генерал Масуд Шанеи қаза тапқан.

АҚШ НЕ ДЕЙДІ?

Иран сыртқы істер министрлігі Израильдің шабуылына АҚШ-тың қатысы бар дейді. Бірақ 13 маусымда АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио "Вашингтонның шабуылға қатысы жоқ" деп мәлімдеген.

15 маусымда АҚШ президенті Дональд Трамп 15 маусымда "қақтығысқа араласпадық" деді. Кейін ол АВС News телеарнасына берген сұхбатында АҚШ қақтығысқа араласуы мүмкін екенін айтып қалды.

"Біз қақтығысқа араласқан жоқпыз. Араласуымыз да мүмкін" деді ол. Бұған қоса, Трамп екі тарапты келіссөзге шақырды.

"Меніңше, келісетін уақыт келді, бұдан не шығарын көреміз. Кейде оларға күресу де керек болады, бірақ не боларын көреміз" деді Трамп.

ЕНДІ НЕ БОЛМАҚ?

Израиль Иран бейбіт тұрғындар тұратын аумақтарды әдейі атқылап жатыр деп мәлімдеді. 15 маусымда Израиль қорғаныс министрі Исраил Кац "Тегеран шабуылы үшін жақын уақытта сазайын тартады" деп сес көрсетті. Бұған қоса, Кац Тегеран тұрғындарын қаладан кетуге шақырды. Ал Израиль әскері "Тегеран әуесін толығымен бақылауға алдық" деп мәлімдеді.

Израильдің қорғаныс жүйелері Тель-Авивке ұшып келген ракеталарды атып түсіруге тырысып жатыр. 15 маусым, 2025 жыл.
Израильдің қорғаныс жүйелері Тель-Авивке ұшып келген ракеталарды атып түсіруге тырысып жатыр. 15 маусым, 2025 жыл.

Бұл қақтығыстан соң АҚШ пен Иранның 15 маусымда Оманда ядролық келіссөзінің кезекті кезеңі өтпей қалды. Иран Израильдің шабуылынан соң келіссөз жүргізудің "мәні қалмады" деді.

Израиль Тегеран уран өндірісін шамадан тыс арттырып, ядролық қару жасап жатыр деп күдіктенеді. Иран сыртқы істер министрлігі 16 маусымдағы мәлімдемесінде ядролық бағдарлама тек азаматтық мақсат көздейді дегенді қайталады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG