Ресей қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Сергей Шойгу осы айда екінші рет Солтүстік Корея астанасы Пхеньянға сапармен барды. Ол бұл жолы Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынмен кездесіп, сол елдің жоғары басшылығымен келіссөздер жүргізеді. Бұл жөнінде ТАСС агенттігі хабарлады.
Шойгу кейінгі үш айда Солтүстік Кореяға осымен үшінші рет сапармен барып отыр. Сапар екі ел арасындағы жан-жақты серіктестік туралы келісімге қол қойылған күннің бір жылдығына орайластырылғанын "Рёнхап" агенттігі жазды. Агенттік Ким Чен Ынның Ресейге жасайтын сапарына дайындық жүріп жатуы мүмкін екенін жазды, бірақ ол сапар ресми түрде жарияланған жоқ.
Солтүстік Корея ядролық және зымыран бағдарламасын дамытуына байланысты халықаралық деңгейде қатаң санкцияларға ұшыраған. Бұл санкциялардың бір бөлігін БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің мүшесі ретінде Ресей де қолдаған. Алайда, Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін, Мәскеу мен Пхеньян өзара серіктестікті күрт нығайып, Ресей көптеген санкцияларды орындаудан бас тартты.
Солтүстік Корея Ресейге артиллерия снарядтарын, зымырандар, минометтер мен артиллерия жүйелерін берген. Ресей бұл қару-жарақтарды Украинаға қарсы соғыста пайдаланады. Сонымен қатар, Солтүстік Кореяның бірнеше мың сарбазы Ресей жағында соғыс қимылдарына қатысқаны белгілі.