Билік миллиондаған адамның жеке деректері тарағаны жайлы ақпаратты тексеріп жатыр

Қазақстанның цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі (ЦДИАӨМ) миллиондаған азаматтың жеке деректері қолды болған деген ақпаратты тексеріп жатыр. Бұл жөнінде сейсенбі күні министрлік сайтында жарияланған хабарламада айтылған.

"Алғашқы талдау бұл деректердің мемлекеттік емес, яғни жекеменшік ақпараттық жүйелерден алынуы мүмкін екенін көрсетті. Қазіргі таңда мемлекеттік ақпараттық жүйелерге кибершабуыл жасалғаны немесе деректер таралғаны жайлы фактілер тіркелген жоқ", – деп жазған министрлік хабарламасында.

16 маусым күні интернет технология, киберқауіпсіздік саласы туралы жазатын securixy_kz telegram-арнасында әлеуметтік желіде 16,3 млн жолға сиятын адамның аты-жөні, туған жылы, жеке сәйкестендіру нөмірі, тұрғылықты жері, ұлты, жынысы, азаматтығы, жұмыс орны, телефон нөміріне дейін көрсетілген жеке деректер тарап кеткенін хабарлаған.

"Мекен-жай" деген бағанда стоматология, емхана, салық комитеті, университеттер мен өзге де ұйымдардың жиі кездесетініне қарағанда, бұл деректер көпшілікке ашық я жартылай ашық API-ден, желідегі жеке деректер қоры сақталған сервистерге бұзып кіріп, жаппай алынған болуы мүмкін" деп топшылаған securixy_kz telegram-арнасы.

Министрлік болса тексеру толық аяқталғанын күту керек деп отыр.

"ЦДИАӨМ жанындағы Ақпараттық қауіпсіздік комитеті құқық қорғау және арнаулы органдармен бірлесіп жан-жақты тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Тексеру аяқталмай тұрып нақты қорытынды жасау немесе ақпарат рас деуге ерте", – деп мәлімдеді министрлік.

ЦДИАӨМ бұған дейін де деректер тарап кеткен жағдайларды еске салып, оларда көбіне қызмет көрсету саласындағы және микроқаржы ұйымдары базаларынан алынған ескі мәліметтер болғанын айтты.

"Министрлік жағдайды толық бақылауда ұстап отыр", – деді ЦДИАӨМ.

Осыдан бір апта бұрын Қазақстан ішкі істер министрлігінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп жүргізілген операция нәтижесінде елде азаматтардың жеке мәліметтерін интернетте заңсыз сатып, таратумен айналысқан деген күдікпен 140-тан астам адам ұсталғанын хабарлаған. Полицияның мәлімдеуінше, тергеу барысында күдікті топ мемлекеттік базалардан азаматтардың жеке деректерін заңсыз алғаны және Telegram платформасы арқылы таратқаны анықталған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Полиция қазақстандықтардың жеке деректерін заңсыз сатқан деген күдікпен 140 адамды ұстаған