Қазақстанда екінші АЭС-тің құрылысына қатысты шешім осы күзде қабылдануы мүмкін. Бұл туралы "Орталық Азия – Қытай" форумының кулуарында премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр айтты.
"Шешім күзде қабылданады деп ойлаймын. Көз созбаймыз. Күзге таман қандай да бір цифрлар, деректер болады. Одан да бұрын беруіміз мүмкін" деді Скляр.
Премьердің орынбасары екінші АЭС салынатын жер де күзде анықталуы мүмкін екенін айтады. Бірақ құрылыстың құны мен АЭС-тің салынып біту уақыты кейін белгілі болмақ.
Қазақстанда бірінші АЭС құрылысын салатын консорциумды Ресейдің "Росатом" компаниясы, екінші АЭС салу бойынша консорциумды Қытайдың China National Nuclear Corporation (CNNC) компанияына басқарады.
Қазақстанда АЭС салуға "Росатом" мен CNNC компаниясынан бөлек "Électricité de France" (Франция) және "Korea Hydro & Nuclear Power" (Оңтүстік Корея) қызығушылық танытқан. Ал Астананың таңдауы елге экономикалық ықпалы көп Ресей мен Қытайға түсті.
Елде бұған дейін азаматтық қоғам мен саясаттанушылар АЭС-ті Ресей салатын болса, Қазақстан оған энергия және саяси тәуелді болып қалады деп алаңдаушылық білдірген. Мәселен, энергетика сарапшысы Әсет Наурызбаев "АЭС Қазақстанды Ресейге байлап қояды", "ол қысым құралы болуы мүмкін" деген қауіп айтқан.
Кей сарапшылар Украинаға басқыншылығына байланысты санкцияларға ілініп, оқшауланған Ресейдің ядролық энергия саласын қолдау жүгі әдеттегідей Кремльмен тығыз байланысты Орталық Азия елдерінің иығына түсіп отыр деп санайды. Ресей Қазақстаннан бөлек, Өзбекстан мен Қырғызстанға да атом электр станциясын салуды жоспарлап отыр.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстанға алғашқы атом электр станциясын Ресей салып бермек